Оқушы киімі қандай болуы керек ?
Ыңғайлы киім оқушының сергек жүруіне мүмкіндік береді, әрі оны ыстық, суықтан сақтайды, организмнің дұрыс шынығуына көмектеседі. Киім түрлері жыл маусымдарына, жергілікті жердің климат жағдайларына байланысты өзгеріп отыратындығы белгілі. Жылдың суық шағында баланың үйдегі киімі екі қабат, ал далаға шаққанда үш қабат (ішкі киім, костюм және пальто) болуы керек.
Кейбір ата-аналар балаларына жібек, барқыт, пүліш киімдер кигізеді де, балалар бойына осы маталар жарасады деп ойлайды. Әрине, баласын сәнді киіндіруге әрбір ата-ана құштар. Бірақ құштарлық бір басқа да, балаға ыңғайлы қонымды киім таңдай білу (немесе шақтап ательеге тіктіру) екінші басқа нәрсе.
Біз жоғарыда мысалға келтірген маталар сәндігіне қарамастан, бірнеше жуғаннан кейін (әсіресе ыстық сумен) өздерінің өң-түсінен айрылып, оңып кетеді. Ал балалар киімді көбінесе ыстық суда жуылатындығын (әредік қайнатылытынын да) ескерсек, оларға киімді (әсіресе қыста) өңінен айрылмайтын, әрі көп киіс беретін маталардан (фланель, помази, байка сияқты) тіккізіп немесе сатып алудың пайдалылығы өзінен өзі түсінікті. Ал жазда балалар киімі ашық түсті, әрі жеңіл материалдардан болғаны жөн.
Оқушы киімінің тігілу формасына жете мән берген дұрыс. Тым кең киім баланың жүріс-тұрысын қиындатады, ал тар киім дем алуды, ас қорыту мен денедегі қан айналысын қиындатады. Сондықтан киім
баланың бойына, пішініне лайықты тігілуі керек.
Дене шынықтыру сабағында балалар жазда майка, труси, башмақ ал қыста шаңғы костюм, тоқылған бас киім, арнаулы ботинка киеді. Ал еңбек сабақтарына жеңшігі бар арнаулы халат қажет.
Халатты мақта материалынан тіккен жөн, өйткені ондай маталар жылуды тез өткізеді, әрі жақсы жуылады.
Көптеген ата-аналар балаларын күндізгі іш киімдерімен жатқазады. Бұл дұрыс емес. Әр баланың ұйықтағанда киетін түнгі көйлегі болу керек. Сонда оның күндіз киетін ішкі киімдері ауа қағып, жақсы болып тұрады. Ішкі киімдерді аптасына бір рет, ал шұлықты (егер бала аяғын күн сайын жуып отырса) екі рет ауыстырып отырған жөн.
Балалар аяқ киіміне де ерекше көңіл бөлу керек. Әрбір ата-ана әсіресе аяқ киімді тар алудан сақ болғаны жөн. Неге десеңіз, тар аяқ киім баланың аяғын қысып қана қоймай, аяққа сүйел шығарады, әрі қыста суық болады. Өйткені қан аяқ тамырларына қажетті мөлшерде жетпейді. Шамадан тыс үлкен аяқ киім де зиянды.
Резинкадан жасалған аяқ киімінің зияндылығын қазір көпшілік жақсы біледі. Күн жылыда ол аяқты терлетіп, ал керісінше, суықта тоңдырып жібереді. Сондықтан балалар мал терісінен жасалған
аяқ киім киюлері керек.
Балаларды киімді күтіп киюге дағдыландырудың маңызы зор. Сондықтан әрбір ата-ана балаларына осы жақсы әрі қажетті әдетті жалықпай үйретіп отыруға тиіс. Мектептен келісімен бала формасын шешініп, шкафқа (ілгешекпен) іліп қойып, үйде киетіндерін дереу киіп алуы керек.
Сабақ дайындайтын орын
Біздің балаларымыз жалғыз мектепте ғана емес, үйде де көптеген нәрселер мен құбылыстарға үйренеді. Сөйтіп беймәлім жәйттерді біліп, тәжірибесін толықтыра түседі. Осы ақиқатқа кейбір ата-аналар жете мән бермейді де «балаларымыз мектептің үйреткенін біліп шықса да жарар» деп тоқмейілдікке салынады. Ал экономика мен техникалық прогрестің күннен күнге қарыштап дамуы, информацияның бұрын болып көрмеген дәрежеге көбеюі мектептердегі оқу бағдарламасының күрделенуіне мәжбүр етеді. Сондықтан да мектеп пен семьяның арасында жанды байланыс болуының зор маңызы бар. Әрбір ата-ана баласына дұрыс күн режимін жасап беруі керек. Күн режимі оқушы тәртіп сақтауға істелетін міндеттерді, тапсырмаларды уақытында дұрыс орындауға көмектеседі. Оқушының үйдегі шаруашылық жұмыстарына қатысып, ата-аналарына қолғабыс жасауына жағдай жасайды, әрі оның дұрыс өсіп, денсаулығының ойдағыдай жетілуіне көмектеседі.
Жанұяда балаға тиісті жағдайлар туғызған дұрыс. Мысалы : оқушыға бастауыш сыныптан сабақты бір жерде орындауға үйреткен жөн. Мүмкіндік болса оқушыға жеке дара бір бөлме берген дұрыс. Бөлмені
жабдықтағанда баланың жас ерекшелігін ескеру қажет. Бөлмедегі мебель және басқа да жиһаздар баланың бойы, қолы жетуіне шақтала орналастырылуы керек. әрине, мебельдің қарапайым, әрі бөлмеге сән берерліктей болуын және күн көзінің бөлмеге барынша мол түсуін ескерген жөн. Егер балаға жеке бөлме болмаса, онда бөлмелердің бірінен оған сабақ дайындайтын арнаулы бұрыш ұйымдастыруы қажет.оқушы бұрышын жабдықтағанда стол, орындық, сөре, столға қоятын электр шамы болғаны жөн. Бұл заттардың бәрі баланың бойына, жас шамасына шақтала қойылады. Өйткені оқушы пайдаланатын заттардың бойына шақ келмеуі баланың жүріс-тұрыс, отырыс қалпын бұзады. Әрине осы зиянды.
Үй тапсырмасын орындағанда оқушы 40-50 минут, ал кейін 10-15 минуттық үзіліс жасауы тиіс. Бұл үзілістерде қозғалыс ойындарын немесе түрлі жаттығулар ұйымдастырған дұрыс. Себебі: бала бойын сергітіп, жұмыс қабілетін арттырады. Сабақ дайындап болған соң, жұмыс орнын тәртіпке келтіріп отыруды да баланың күнделікті әдетіне айналдырудың пайдасы зор.
Денсаулығыңды сақтай біл
1.Денің сау болсын десең, үйге таза ауа молынан кірсін, күннің сәулесі кіріп тұрсын. Сау болу үшін таза ауа, күннің шуағы өте қажет.
2.Тұла бойыңды, ең болмағанда мойныңды, көкірегіңді, арқаңды күнде салқын сумен жуып тұр. Жұмасына бір рет жылы суға шомылып тұр.
3.Жазда таза суға көбірек шомылып тұр. Тал түсте күн қызып тұрғанда суға түспе. Тамақтың соңынан тоқ қарынға суға шомылуға болмайды. Терлеп тұрып суға түспе. Әуелі қызуыңды басып, теріңді кептір.
Шешінісімен алдымен басыңды сула да, суға түс. Суға жүгіріп келіп, секіріп түспе, суға кетесің. Су ішінде бір орында тұрма, отырма, жүзе бер, жүзе бер, көбірек қимылда. Су ішінде 10-20 минуттан артық болма. Дірілдей бастасаң, тезірек судан шық. Судан шығысымен әуелі денеңді сүртіп, құрғатып, киініп алған соң, жылынғанша серуенде. Жылы, желсіз күні судан шыққан соң, жалаңаш денеңе біраз күн тиіп денеңді жел қақсын.
Суға түсу шарттарын әбден біліп ал. Жуынғанда денедегі кір кетеді. Теріңдегі тесіктер ашылады. Терің шынығады, сондықтан жиі шомыл. Жылы суда дене кірі тезірек кетеді. Сабын жылдам көпіреді. Сондықтан салқын судан гөрі ыстық су денеңдегі кіріңді тез алады. Моншаға түскен соң, денеңді жәйімен салқындат. Суықтан сақтан. Шомылып шыққан соң, денеңді таза орамалмен әбден сүртіп, құрғат. Киіміңді, ішкі киіміңді жиі ауыстырып тұр.
4.Тер, терлеген тері, теріңнен шыққан май, басқа да зиянды нәрселердің бәрі ішкі киімге сіңеді. Бұл заттар шіри бастайды, шіріктің әсерінен қолтықтарыңның, башайларыңның арасы секілді жерлерде қолаңса, шуаш пайда болады. Шіріктің салдарынан тері жидеп түлейді және түрлі жара түседі.
5.Өзіңді, тамағыңды таза ұста, ішкен-жеген сайын және ертеңінде, кешінде аузыңды тазалап шайып отыр. Аузыңды таза ұстасаң, тіс ауыруының көбінен құтыласың. Тамақ жеген сайын тісіңді жақсылап тазала. Тісіңді таңертең, кешкісін тазала.
6.Таза ауада ойна, серуенде, жүгір.
7.Киімің, шұлығың суланса, шешіп таста, құрғақ киім киіп ал.
8.Басқалардың киімдерін, әсіресе бет орамалын, қол орамалын пайдаланба.
9.Өте көп ішіп-жеме. Тәттіге әуес болма.
10.Ерте жат, ерте тұр, оянған соң төсекте еріншектеп жатып алма.